Алматы қаласының Наурызбай ауданында бизнестің қолдауымен жаңа мектеп пен емхана ашылады

Әкім аудандық Ішкі істер басқармасының ғимараты, күніне 500 науқасты қабылдай алатын емхана және «Ақжар» ықшамауданындағы 1200 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болып, құрылысшылармен әңгімелесті. Құрылысшылар өз кезегінде емхананы биыл, ал мектеп пен Ішкі істер басқармасы ғимаратын 2017 жылы қолданысқа беретіндіктерін айтты.
Ал қала басшысы қазіргі таңда қала тұрғындарын әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету мәселесіне барынша көңіл бөлініп жатқандығын жеткізді.
«Бүгінде қала аудандарының үйлесімді дамуына ерекше көңіл бөлуге тура келеді. Сондықтан, бірінші кезекте біздің ресурстар қалаға жаңадан қосылған Наурызбай ауданының дамуына жұмсалып жатыр», - деді Б. Байбек.
Сонымен қатар, әкім Наурызбай ауданын және жалпы қаланы дамытуға бизнес субъектілерінің белсенді түрде қатысып жатқандығын ерекше атап көрсетті.
Мысалы, 2016 жылы жергілікті және республикалық бюджеттен әкімшілік нысандар: Халыққа қызмет көрсету орталықтары, прокуратура, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттарға қажетті инженерлік желілер, жылумен қамту және басқа да шығындарға жалпы 7 млрд. теңге бөлінсе, мектептер мен емханалардың құрылысын жеке инвесторлар 3 млрд.-тан астам теңгеге қаржыландырған.
Айта кетелік, бүгін Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс 6-шы сессиясында Наурызбай ауданының жаңа әкімі болып Сайран Сайфеденов тағайындалды. Ол бұған дейін Әуезов ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген болатын.