Алматы қаласының патрульдік полициясы телефон алаяқтарын қылмыс үстінде ұстады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Түркісіб ауданында кезекшілік қызметте жүрген «Боран-265» жол-патрульдік полициясының экипажы оңай олжаға кенелмек болған телефон алаяқтарын қылмыс істінде ұстады. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Кеше кешкі сағат 19.00 шамасында Орталық оперативтік Басқарманың «102» пультіне Свободная көшесінің бойында орналасқан жеке үйлердің бірінің тұрғынынан шұғыл хабар келіп түсті. Оның айтуынша, белгісіз адамдар онымен телефон арқылы байланысқа шығып, алдымен өздерін «полиция қызметкеріміз» деп таныстырады. Сөйтіп, оған ұлының кісі өлтіргенін айтып, істі реттеу үшін 12 мың АҚШ долларын талап етеді. Үш минут өтпей-ақ, патруль жасағы полицияға хабарласқан адаммен кездесіп, жағдайдың анық-қанығын нақтылады. Келісілген уақытта бейтаныс адамдар оған тағы да хабарласып, ақша салынған түйіншекті көшеге алып шығып, көршісінің жақын жерде тұрған көлігінің астына қалдыруды талап етті. Патрульдік экипажбен алдын ала келісім бойынша жәбірленуші қаскүнемдердің барлық талабын орындады. Осылайша, полиция қызметкерлері қылмыстық топтың мүшелерінің бірін ақшаны алып жатқан сәтте қолға түсірді. Оның сыбайласы әріптесін жақын жерде тұрған «Дэу Нексия» автокөлігінің ішінде күтіп отырған екен. Бір нәрседен күдіктен ол оқиға орнынан із жасырмақ болады. Бірақ, патрульдік полиция қызметкерлері олардың кетер жолдарын алдын ала дәл болжап, тосқауыл қоя білді», - деді өз сөзінде Алматы қ. ІІД жол-патрульдік полкінің командирі, полиция полковнигі Айтжан Әлмұханбаетов.

Сотқа дейінгі зерттеу жұмыстарының алғашқы кезеңінде белгілі болғанындай, ұсталған азаматтардың екеуі де бұрын ауыр және мүліктік қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Тергеу жүргізу барысында жасалған болжамдардың біріне сүйенсек, күдіктілер мұндай қылмыстық әрекетке бір емес бірнеше рет барған болулары мүмкін. Өйткені, Алматыда соңғы кезде телефон алаяқтығына байланысты деректер көбейді.

«Естеріңізге сала кетелік, алаяқтықтың бұл түрінің алғашқы легі бұдан бес жыл бұрын тіркелген еді. Сол кезде көптеген азамтатар өздеріне хабарласқан бейтаныс адамдардың сөздеріне сеніп, оларға қомақты ақшаларын беріп, опық жеді. Бұл жерде қылмыскерлер әдетте хабарласатын адамдардың үрейін ұшыруға тырысады. Сол үшін де негізінен таңертең ерте немесе түн жарымда хабарласады. Бұл уақыттар адамдардың әдетте бейғам халде болатындығы белгілі. Егер хабарласқан адам өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырса, оның сөзі ресми мақамда болады. Ал егер өзін жәбірленушінің ұлымын деп таныстырса, онда мұндай кезде қысқа қайырады. Мысалы: «Мама, мен бір жаман жағдайға ұрынып қалдым. Қазір телефонның тұтқасын мына кісіге берейін», - дейді. Мен бұл мысалдарды тұрғындарды қылмыстық қол сұғушылықтан сақтандыру мақсатында айтып отырмын. Өйткені құлағдар болған адам қашанда сақ жүреді», - деді өз кезегінде Алматы қ. тергеу басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбаев.

Соңғы жаңалықтар