11:49, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
«Алматы - Қорғас» жолының құрылысы басталды - КР ККМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің соңғы учаскелерінің бірі, ұзақтығы 304,4 шақырымдық «Алматы - Қорғас» автомобиль жолының құрылысы басталды.
Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігі хабарлады.
Ол есептік қозғалыс жылдамдығы 120 км/сағ. арналған IБ техникалық санат өлшемдері бойынша салынатын болады.
Учаске 8 лотқа бөлінген, құрылысқа 8 мердігерлік компания жұмылдырылды. Қазіргі кезде барлық учаскелерде темір-бетон бұйымдар мен инерттік материалдар әзірленуде, техника мен жұмысшылар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, топырақ төсемін жасау, көпірлер мен су өткізетін құбырлар салу басталды. Құрылыс жұмыстарына қазір 688 жол техникасы мен 1 362 адам қатысуда.
Жалпы, жоба бойынша учаскеде 56 көпір, 13 жол айрықтары, 22 жол өтпесі мен 460 су өткізетін құбыр салу жоспарланған.