Алматы маңында соңғы үш ай ішінде қоқыс пен қураған ағаштардың өртенуіне қатысты 700 оқиға тіркелді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы мен оған іргелес жатқан аумақтарда соңғы үш ай ішінде қоқыс пен қураған ағаштардың өртенуіне қатысты 700-ден аса оқиға тіркелді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
None
None

«Биыл Алматының іргесіндегі Іле-Алатау Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына жасалған рейдтер барысында келушілерге от жақпау және өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 3200-ден астам хабарлама таратылды. 700-ден астам от жағу әрекетіне жол берілмеді. Белгіленген бағыттар бойынша шолу жүргізу барысында Алматы қ. ІІД мен Бостандық және Медеу аудандарының Табиғатты қорғау полициясы бөлімдерінің қызметкерлері соңғы үш ай ішінде 123 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оларға жалпы сомасы 1 млн. 18 мың теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар, Алматы қаласының таулы-орманды алқаптарының жағдайы бойынша биыл 3 брифинг пен 3 дөңгелек үстел өткізілді», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетелік, биыл 1-ші мамырдан бастап, Алматы қ. Төтенше жағдайлар департаменті, Іле-Алатау Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының, «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының, «Баум» шоқ тоғайының, Бостандық және Медеу ауданы әкімдіктері және Алматы қ. ІІД табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлесе отырып, демалыс және мереке күндері тұрғындар демалатын жерлерде демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, тұрғындарға арнайы жадынмалар таратылып жатыр. Бұдан басқа, адамдар көп жиналатын жерлерге ақпараттық билбордтар ілінген.

Қорытындылай келе, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қалада және қала іргесіндегі орманды алқаптарда қоқыс пен құрғақ ағаштарды өртеуге болмайтындығын ескертеді. Бұл ескертуді елең қылмағандар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Соңғы жаңалықтар