Алматы Марафонынан жиналған қаржыға тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіретін құрылғы сатып алынды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- V Алматы Марафонынан жиналған қаржыға тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіруге арналған 4 медициналық аппарат сатып алынып, «АРДИ» мүгедек балалардың ата-аналары Қауымдастығына берілді. Бұл туралы бүгін Алматы Марафоны ұйымдастыру комитетінен хабарлады.
None
None

Сатып алынған жабдықтар: «Корвит» - тірек күшінің имитаторы, «Имитрон» - жүру имитаторы, «Artromot K1» - тізе және жамбас буындарын пассивті мобилизациялау және «Artromot Е2» - шынтақ буынын пассивті мобилизациялау құрылғысы.

Оларды бүгіннен бастап, «АРДИ» орталығының мамандары ерекше күтімді талап ететін балаларға қолданатын болады. Бұл аппараттар балалардың табанын, шынтақ, тізе және жамбас буындарын шынықтыруға көмектеседі.

Сонымен қатар, V мерейтойлық Алматы Марафонының қайырымдылық мақсаты орындалғаннан кейін, ұйымдастыру комитеті келесі 2017 жылға тіркелудің ашылуы жайлы хабарлады.

«Біз бүгін V мерейтойлық Алматы Марафонында жиналған қаражатқа сатып алынған төрт қымбат тұратын жабдықты ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, келесі жылдың сәуірінде өтетін VI Алматы Марафонына тіркелудің ашылуы жайлы хабарлаймыз. Қазір барлығымыз Алматы Марафонының тиімділігін байқап отырмыз. Үлкен қайырымды істі жүзеге асырдық», - деді Салтанат Қазыбаева.

Өз кезегінде «АРДИ» орталығының басшысы Әсия Ахтанова Алматы Марафоны ұйымдаструшы комитеті мен барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

«Мұндай қымбат жабдықтарды сыйға тарту - өте маңызды оқиға. «АРДИ» орталығы Алматы Марафоны мен бастапқы жарнаны төлеген әрбір қатысушыға шын жүректен алғысын білдіреді. Енді бұл аппараттар балаларымызды аяғынан тұрғызуға зор септігін тигізеді», - деді ол.
Айта кетелік, VI Алматы Марафоны 2017 жылдың сәуірінде өтеді. Әрбір адам дәл қазір тіркеліп, қайырымдылық мақсатқа жұмсалатын бастапқы жарна сомасын төлей алады.

2 3 4 5

Соңғы жаңалықтар