Алматы мен Мәскеу қалалары арасында жайлылық деңгейі жоғары пойыздың екінші құрамы қатынай бастады
Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» Акционерлік қоғамынан мәлім етті.
Қыркүйектің 28-і күні «Алматы - Мәскеу» арасында жайлылық деңгейі жоғары №7/8 пойызының екінші құрамы қатынай бастады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондарынан құрылған темір жол көлігі «Алатау» деп аталды. Қазақстан мен Ресейдің ірі мегаполистерін байланыстыратын халықаралық жолаушылар пойызы жолаушылар үшін аса жайлы жабдықталған.
Еске салайық бұған дейін, дәлірек айтқанда, ағымдағы жылғы қыркүйектің 10-ы күні Алматы мен Мәскеу арасында жайлылық деңгейі жоғары пойыздың бірінші құрамы жолға шыққан болатын.
«Жолаушылар тасымалынан» хабардар еткендей,жолаушылардан «Алатау» темір жол көлігі туралы жағымды пікірлер бүгіннен түсе бастаған. Мәселен,барлық вагондарда шудан қорғайтын металл пластиктен жасалған терезелер орнатылды, ескі перделер ролл-перделермен алмастырылды, DVD-ойнатқышы бар теледидар қойылып, купе қабырғаларында қазақстандық суретшілердің картиналары ілінді. Сондай-ақ, жолаушылар пойызда түрлі үстел ойындарын, атап айтқанда шахмат пен нарды ойнап, газет, журналдардың жаңа нөмірлерін оқи алады. Ал вагон-мейрамханада дәстүрлі тағамдардан бөлек, өзге ұлттық асхананың дәмді тағамдарынан дәм тата алады.
Вагондарды қайта жаңартудан өткізу жұмыстары билет құнына әсер еткен жоқ.
«Алатау» пойызы 3 типті - СВ, купелік және плацкарт. Жыл соңына дейін «Алматы -Мәскеу» бағыты бойынша қосымша жаңартылған 2 құрам іске қосылмақ.
Айта кетейік, Алматы мен Мәскеу қалаларының ара қашықтығы 4015 шақырымды құрайды. Жол ұзақтығы 78 сағат 40 минут. Темір жол көлігі жолдың 3 мың шақырымын Қазақстан аумағы бойынша жүріп өтеді. «Алатау» ірі қалалармен кіші бекеттердің арасында байланыс орнатуда. Мәселен, ол Шу, Шымкент, Түркістан, Шиелі, Қызылорда, Жосалы, Қазалы, Сексеуіл, Шалқар, Жем, Қандыағаш, Ақтөбе және Орал бекеттерін басып өтеді.