Алматы мен Португалия өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ
Кездесу барысында «жасыл экономика», қалдықтарды кәдеге жарату және көлік салалары бойынша өзара ынтымақтасу мәселелері сөз болды. «Алматыда индустрия, инновация, сондай-ақ энергетика салаларына инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Бізде екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндіктер жетерлік. Португалияда туризм өте жақсы дамығаны белгілі. Бұл саладан мемлекеттік бюджетке түсетін қаржы көлемі де едәуір. Сондықтан бізге сіздердің әсіресе, туризм саласына қатысты бай тәжірибелеріңіз өте пайдалы», - деді Ахметжан Есімов. Өз кезегінде Португалияның Қазақстандағы сенімді өкілі Алматымен іскерлік байланысты нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді. «Бізде тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау бойынша әлемдегі ең үздік мамандар бар. Ал Алматы өңірінде тарихи ескерткіштер көп. Солардың ішінде жартасқа салынған көне суреттерді атап айтуға болады. Біз сіздерге оларды сақтау бойынша өз тәжірибелерімізді ұсына аламыз», - деді А.П.Дуарте де Жезуш.