Алматы облысы Ақсу ауданындағы 4 ауылдың мектебі жұмыстарын тоқтатты - Білім министрлігі

АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысы Ақсу ауданындағы Қызылағаш, Егінсу, Ақтоған және Көлтабан ауылдарының мектептері жұмыстарын тоқтатты.
None
None

Оларда білім алатын балалардың жалпы саны - 530, қаза тапқандардың саны - 15, оның ішінде 10 бала - мектеп жасына жетпегендер, мектеп жасындағылар - 5, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Алматы облысы Білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні 530 баланың 320-сы - Ақсу ауданындағы Сиқымов атындағы мектеп-интернатқа орналастырылды, 50-і - «Қарлығаш» балабақшасына, 80 оқушы - №21 кәсіптік лицейге, 50 бала - №12-ші кәсіптік лицейге, 14-і - Д.Рақышев атындағы Талдықорған облыстық мектеп-интернатына, 17-сі - Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйіне көшірілді. Балалар оқуларын IV-ші тоқсаннан бастап жалғастыратын болады. Биылғы оқу жылында мектеп бітірушілердің саны - 44.
Қалған 210 бала оқуларын әр аймақта тұратын туысқандарының үйінде жалғастырады.

Бүгінгі күні Ақсу ауданында су тасқынан зардап шеккен 150 оқушы мен оларды алып жүретін 5 мұғалім республикалық бюджет есебінен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалуда.

Алажиде ауылында жағдай тұрақтанды, тұрғындар өз үйлеріне қайта оралды. Осы ауылдағы орта мектеп (білім алушылар саны - 52) наурыздың 17-сінен бастап жұмысына қайта кірісті.

Соңғы жаңалықтар