Алматы облысы елордаға 200 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді - С.Бекішев (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан шатыр» ойын-сауық сауда орталығы жанындағы алаңда Алматы облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде.
None
None

«Алматы облысының жәрмеңкесі өңір басшысы Амандық Батталовтың тапсырмасына сәйкес Алматы мен Астана қалаларында жоспарлы түрде өтіп жатыр. Елордаға 20-дан астам жүк көлігінен тұратын керуеніміз кеше келді. 200 млн. теңгеден астам соманың 350 тоннадай өнімдерін әкелдік. Оның ішінде сиыр, жылқы еті, құс еті, көкөністер мен жеміс-жидектер, жалпы 62 түрлі өнім бар», - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сексенбай Бекішев.

Оның атап өтуінше, биыл Алматы облысы бойынша күзгі жиын-терім өте жинақы әрі өз уақытында өтуде. Қазіргі уақытта 350 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың барлығы жиналған. Өнімділігі гектарына 19,5 центнерден айналды.

«Ендігі уақытта майлы дақылдарды жинау жұмыстары басталды. Майлы дақылдардың орташа түсімі гектарына 20 центнерден кем болмайды деп отырмыз. Мұнан бөлек дәндік жүгеріні де жинаудамыз, оның өнімділігі гектарына 60 центнер төңірегінде»,- деді ол.

С.Бекішевтің атап өтуінше, өңірде қант қызылшасын жинау 25 қыркүйектен басталды. Бүгінгі күнге 3 мың тоннан астым қант қызылшасы жиналды.

«4 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілген болатын. Түсім 300 центнерден деп есептеп отырмыз. Біздің болжамымызша 120 мың тонна өнім жиналады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар