Алматы облысы: Кеген - қарағай көшетінің мекені
«Жетісу» газетінің жазуынша, Райымбек ауданындағы Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі - қарағай көшетінің бір Отаны іспетті. Үстіміздегі жылғы маусым айында Жанат Демежанов басқаратын аталған орман шаруашылығы тұрақты тұқымбағы негізінде облыстық семинар-кеңестің өткізілуі бекер емес.
Мекемеде 5 орманшылық бар. Мұнда 82 адам еңбек етеді. Орманшылықтың жалпы жер көлемі 84790 гектар болса, оның ішінде 24272 гектары орман алқабы болып табылады. Осынау табиғат әлеміндегі айналымдар мен орамдарда қысы-жазы өмірлерін өткізетін 41 орман күтушісі тұрғын үймен, атпен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Кеген орман шаруашылығы мекемесіндегі Жалаңаш орманшылығында базалық тұқымбақ, Темірлік орманшылығында уақытша тұқымбақ бар. Осынау тұқымбақтардың аясында жыл сайын 0,5 гектар жерге Тянь-Шань қарағайының тұқымы себіледі. Одан аз дегенде 500 мың дана көшет өсіріледі. Бұл көшеттер арам шөптерден тазартылып, уақтылы суғарылып 4 жыл өсіріледі. Мекеме бойынша жыл сайын алдын ала дайындалған 50 гектар алаңқайларға 250 мың дана жас көшет отырғызылады. Тұқымбақтарда Тянь-Шань қарағайының көшеттерінен бөлек көгілдір қарағай, алма, өрік, үйеңкі өсірілуде. Бір сөзбен айтқанда, Кеген орман шаруашылығы мекемесіндегі тұқымбақтар арқылы 4 жыл өсірілетін шырша көшеттері республиканың игілігі болып келеді. Жыл сайын 3 мыңнан аса көшет өңірлерді көгалдандыру мақсатында сатылып, беріледі. Мұндағы шырша көшеттері Астанада, Алматыда, облыс орталығында және республиканың түкпір-түкпірінде бой көтеруде.
Ал Берік Көшекбаев жетекшілік жасайтын Темірлік орманшылығына жалпы 19578 гектар жер қарайды. Дәулет Көшербаев, Берік Шарғынов секілді орман шеберлері, Сағатжан Қасымбеков, Нұрсапа Дүйсенбиев, Мұқтар Елубаев, Санат Түлкібаев, Төлеген Алмабеков секілді орман күтушілері еңбек етеді. Орманшылықтың уақытша тұқымбағы бар. Жыл сайын 0,2 гектар жерге шырша тұқымы себіліп, өсіріліп келеді. Тұқымбақта жергілікті Шренка шыршасы, қарағай, көгілдір шыршасы да өсіріледі.
- Жыл сайын орман қорын молайту мақсатында 10 гектар жерге шұңқырлар қазылып, шырша көшеттері отырғызылады. Тұқымбақтағы жұмыс оңай емес. Шыршаның тұқымын жинау, оны тексеруден өткізуге одан соң өнетін дәрежесіне жеткенге дейін бір жыл күтіп-баптауға, сосын отырғызып 4 жыл қамқорлықта ұстауға көп еңбек, рет-ретімен жұмыс жалғасады. Науқан кезінде тұқымбаққа уақытша жұмысшылар алынады. Жұмысымыз жеміссіз емес, - дейді Темірлік орманшылығының орманшысы Берік Көшекбаев.
Мұндағы орманшылар да арнайы киіммен, байланыс құралдарымен, көлікпен толықтай қамтамасыз етілген. Орманшылар қысы-жазы тұратын айналымдардағы кардондар талапқа сай күрделі жөндеуден өткізілген. Биыл №44 айналымдағы орман күтушілерінің үйі ағымдағы жөндеуден өткізіліпті.
- Ауа-райының түрлі құбылыстарын, ауыртпалықтарын бастан өткеріп жатамыз. Қарамағымыздағы орман алабы тұрақты назарымызда. Еңбекақымыз аз болса да жұмыстың қиындығын мойнымызбен көтеріп, жауапкершілігін сезініп, абыроймен еңбектеніп келеміз. Көз қуаныш, жан жұбанышындай орманымызды жас көшетпен молайтып, өрттен қорғап, кемел келешегін қамдау - басты мұратымыз, - дейді Темірлік орманшылығының жасыл киімді орманшылары.