Алматы облысы полициясы таксистің өліміне қатысты күдіктіні құрықтады
«Ер адамның мәйіті қолдары байланған күйде Алматы облысы Қошманбет кентінен 5 шақырым жердегі Шамалған өзенінің жағасынан табылған. Тексере келе, жәбірленушінің маусым айының басында жоғалған 27 жастағы Алматы қаласының тұрғыны екендігі анықталған. Жұбайының сөзіне қарағанда жәбірленуші өзінің БМВ автокөлігін сатпақ оймен сол күні кешкісін көлікті сатып алушыға көрсетуге кетеді. Бірақ ер адам сол кеткеннен үйіне оралмайды, ұялы телефоны сөндірулі болады»,-делінген ведомство мәліметінде.
Жәбірленуші жоғалған күннің ертеңіне БМВ автокөлігі бұзылған күйде Алматы қаласындағы көпірлердің бірінің астынан табылады. Алматы облысы ІІД Тергеу басқармасының қызметкерлері аталған іске қатысы бар деген күдікпен 18 жастағы азаматты анықтап, Жамбыл облысы Қордай ауылында қолға түсірді. Тергеу барысында оның жәбірленушіні өлтіріп, автокөлікті иеленіп алғандығы, бірақ дөңгелегіне зақым келгендіктен, машинаны көпірдің астына қалдырып кеткендігі белгілі болды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.