Алматы облысында қант қызылшасы бітік шығып, әр гектарынан 750 центнерге дейін өнім түсуде
Қант қызылшасын жинау науқаны енді басталғанына қарамастан, нәтижесі бүгіннің өзінде көңілден шығуда. Шаруалардың айтуынша дәл осындай бітік өнімді алмағалы біраз уақыт болыпты.
«Ағымдағы жылы түсім мол. Мәселен, бір қант қызылшасының салмағы 6,5-7 кг. Әр гектардан 700-750 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Біз Көксу қант зауытына қант қызылшасының алғашқы партиясын жіберіп қойдық», - деді Сарқан ауданы «Ақ құдық» шаруа қожалығының басшысы Сержан Есімжанов.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысына жасаған іс сапары кезінде аймаққа қант қызылшасы бойынша бұрынғы атағын қайтару тапсырмасы қойылған болатын. Осы мақсатта өңір басшылығы сәйкесінше жұмыстар жүргізді. Қант қызылшасын өсіретін шаруаларға 240 млн. теңге мемлекеттік субсидия бөліп, арнайы техника, сапалы тұқым, жанар жағармай сатып алуларына жағдай жасады.
Бастысы есіл еңбек еш кетпей, бүгінде соның оңды нәтижесін көрудеміз. Жалпы, облыс бойынша қант қызылшасы алқабының көлемі 4 мың гектарды құрайды. Ескелді ауданындағы «Хильниченко және К» серіктестігінің өзінде-ақ тәтті түбір өсіруге 187 гектар алқап қарастырылған. Өзге шаруашылықтардағыдай мұнда да жұмыстың 65 %-ін арнайы техника атқарса, қалған жұмыс көлемі қол күшімен істелуде. Жұмыстарға 27 техника, жұмылдырылған. Тәулігіне 12 гектар алқаптың өнімін жинау арқылы барлық алқаптардағы қант қызылшасын үш аптаның ішінде жинап бітіру жоспарланып отыр. Өнімнің сапасы да сәйкес болуы тиіс.
«Хильниченко және К» серіктестігінің өсімдік шаруашылығы төрағасының орынбасары Виктор Романенко: «Амандық Ғаббасұлы қант қызылшасына қатысты семинар-кеңес өткізгенде біз 500 центнер өнім жинаймыз деп сөз бергенбіз. Біз өз сөзімізден тайынбаймыз, мұндай өнім көлемін демде жинап беретіндей жағдайымыз бар. Біздің пайымдауымызша биылғы жылы гектарынан 700 центнер өнім жинаймыз», - дейді.
Осы серіктестіктің бригадирі Нүсіпхан Керімбековтың айтуынша, дәл бұндай өнім көлемі соңғы он жылда болмаған.
- Елбасы қолдауының арқасында еліміздің барлық шаруаларына жақсы жағдай жасалуда. Шаруалар мемлекет тарапынан субсидия, тұқым, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай түріндегі қомақты көмек пен қолдау табуда. Сол себепті өнімнің осы жылы бітік шыққандығы бәрімізді қуантады. Алдағы уақытта бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткіземіз. Мемлекет тарапынан осындай қолдаудың арқасында келер жылы қызылша көлемін одан әрі арттыра түсеміз, - дейді Н.Керімбеков.
Жалпы, қант қызылшасын жинау науқаны облыста енді басталғанына қарамастан, нәтижесі бүгіннің өзінде көңілден шығуда. Амандық болса, жер жаннаты Жетісу өлкесі қызылшаның отаны деген атқа ие болар күн алыс емес.
Айта кетейік, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылдың басынан бастап облыс әкімі Амандық Баталов қант қызылшасы алқаптарының көлемін арттыру мақсатында «Қазақстанның бидай одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті Нұрлан Тлеубаевпен бірге облыстың қант қызылшасын өсіретін аудандары мен қалаларының әкімдері, шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен бірнеше жиындар өткізді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл облыс бойынша қант қызылшасы алқабының көлемі көбейтіліп, 4 мың гектар аумаққа тұқым себілді. Оның ішінде Ақсу ауданы - 860 га, Қаратал - 560 га, Сарқан - 730 га, Көксу - 830 га, Ескелді - 1000 га және Талдықорған қаласы 20 га жерге қант қызылшасын екті.
"Жетісу" ӘКК Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан жоба аясында Қаратал, Көксу, Ескелді және Сарқан аудандарында 6 СДО құрылды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Талдықорған қаласындағы қант қызылшасын өңдеумен айналысатын сервистік-дайындау орталықтарына "Жетісу" ӘКК арқылы арнайы техникалар сатып алынды. Жалпы, 2011 жылдың наурызынан 2015 жылдың мамыр айына дейін облыстың 10 ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сервистік, агротехникалық, жабдықтау және басқа да қызметтер көрсетуді ұйымдастыру үшін 18 СДО құрылған .
Биыл Көксу ауданындағы қант зауыты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылды. 28 қыркүйек күні Көксу қант зауыты алғашқы қант қызылшасын қабылдай бастады. Алғаш болып қызылшаны Сарқан, Ескелді, Ақсу аудандарының шаруашылықтары әкеліп, тапсырды.
Зауыт басшылығының хабарлауынша, зауыт 100-120 мың тонна шикізат қабылдауға дайын және 12 мың тонна қант өндіруге дайын. Сонымен қатар шаруаларға үш күн ішінде төлемақы төлемек.