Алматы облысында «ҚазТрансГаз» АҚ филиалы ашылды

Кездесудің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасына сәйкес Алматы облысының газ тасымалдау және газбен жабдықтау инфрақұрылымын кеңейту жөніндегі ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық болып табылады. Меморандум шеңберінде «ҚазТрансГаз» АҚ өңірде мотор отыны ретінде сығымдалған табиғи газды (СТГ) пайдалануды енгізуді ниет етіп отыр.
Шарада елді мекендерге газ тарту мәселесіне қатысты облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров арнайы баяндама жасады. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі уақытта әкімдік пен акционерлік қоғам арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Өңірлерді газдандыру мақсатында «Алматы облысының кешенді бағдарламасы» әзірленіп, жергілікті жоспарлар бекітілген. Облыс аумағынан транзитті «Қазақстан - Қытай» газ желісі өтеді. Ағымдағы жылы «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралды газ жүйесінің құрылысы аяқталып, енді «Алматы-Талдықорған» бағытындағы (260-шы шақырым) жұмыстар қолға алынуда. Бұл жоба аяқталған жағдайда 709 мың адамы бар 180 елді мекен және Талдықорған қаласы түгелдей дерлік газбен қамтылады. «Біз бұл басқосуда облыс аумағына газ тарту мәселесінің түпкілікті шешу жолдарын қарастырдық. Облысымызда 2 млн.-ға жуық халық тұрады, алайда олардың 11% ғана көгілдір отынмен қамтылған. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс халқының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында біз бұл бағытта барлық күш жігерімізді сала жұмыстар атқаруымыз қажет. Біздің ұстанған басты бағытымыз, ол - өңірге газ тарту жұмыстарын «ҚазТрансГаз» АҚ және оның еншілес кәсіпорындары сияқты арнайы мамандандырылған кәсіпорындармен жүргізу. Осындай басқосулар біздің алға қойған жұмыстарымызды жандандыруға оң ықпалын тигізе береді», - деді облыс әкімі Амандық Баталов. Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Қайрат Шәріпбаев Талдықорған қаласында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жетісу өндірістік филиалы құрылғанын хабарлады. Бұл еншілес кәсіпорын еліміздің барлық газдандырылған өңірлерінде тарату желілері бойынша тауарлық газ жеткізумен айналысатын «ҚазТрансГаз» АҚ-ның еншілес ұйымы. Филиал өңірлік газдандыру схемасына сәйкес Алматы облысын газдандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыратын болады. Жетісу өндірістік филиалының директоры болып мұнайгаз саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген Біржан Сәкенұлы Жылқайдаров тағайындалды.