19:13, 31 Наурыз 2017 | GMT +5
Алматы облысында мемқызметкерлер аттестациясының екінші кезеңі басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған кешенді аттестаттаудың екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші кезеңде тест арқылы олардың кәсіби деңгейі мен атқарып жүрген қызметіне сәйкестігі анықталған болатын. Ал бұл жолы сынақ әңгімелесу түрінде өтуде. Алматы облысында 5800-ге жуық мемлекеттік қызметкер кешенді аттестация тапсыруы тиіс. Қазір 360 адам екінші кезеңдегі сұрақ-жауаптардан сүрінбей өтті. Көрсеткен нәтижелеріне сәйкес бірінші күні 26 адамның лауазымын жоғарылату ұсынылып, 5 маман өзінің қызметіне сай емес, төмендетілген қызметке жіберілді. Сынаққа қатысқандардың айтуынша, өзіне сенімді және өз жұмысын жақсы білетін қызметкерлерге бұл шектеу емес. Керісінше жаңа мүмкіндік. Сондай-ақ олар комиссия мүшелерінің сұрақтары тек қана жұмыс бабымен ғана өте орынды қойылғанын тілге тиек етті.