Алматы облысында Мұстафа Өзтүрікке арналған ескерткіш ашылады

Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш шараны ұйымдастырушы комитеттің мүшесі Сұлтан Шоқпытов мәлім етті.
«Егер тірі болғанда Мұстафа ағамыз бұл күні 60 жасқа толар еді. Енді осы күні өтетін ескерткіштің ашылу рәсіміне Германиядан Мұстафа ағаның жары Нүрила жеңгеміз, қыздары Неслихан мен Аслихан келеді. Сондай-ақ, Түркиядан туысқан ағасы Мәнсұр Тәжі ағамызды да келеді деп отырмыз» - деді С. Шоқпытов.
Сонымен қатар, Сұлтан Шоқпытов ескерткіштің мыстан жасалғандығын жеткізді.
«Ескерткіштің биіктігі шамамен 2,5 метрден асады. Ол арнайы тұғырға орнатылады. Жаңа ескерткішті жасауға шамамен 8 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды» - деді С. Шоқпытов.
Ескерткіштің ашылау рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасынан, ҚР Таеквондо федерациясынан (WTF) және Алматы қалалық таэквондо (WTF) федерациясынан өкілдер келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, бұл шараға ҚР Спорт баспасөзі қауымдастығының құрметті президенті Несіп Жүнісбай, атақты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Алматы қалалық бокс федерациясының президенті Амалбек Тшанов және басқа да белгілі тұлғалар қатысады.
Сол күні кешке Алматыда «Қазақконцерт» залында Мұстафа Өзтүрікті еске алу кеші өтеді.
Айта кетелік, Бесағаш ауылында бұдан 10 жыл бұрын Мұстафа Өзтүрікке ескерткіш орнатылған болатын. Бірақ ол көпшілік көңілінен шықпады. Сондықтан, бертін келе бұл жерге жаңа ескерткіш орнату шарасы қолға алынды. Оны жүзеге асыруға Алматы қалалық таэквондо (WTF) федерациясының президенті Серік Абдуллаевтың атсалысқанын айта кеткен жөн.
Еске сала кетсек, Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Қайсері қаласындағы Мұсаходжалы ауылында қазақ отбасында дүниеге келген. 1975 жылы Тайбэй (Тайвань) қаласындағы Халықаралық саясат университетіне оқуға түсіп, халықаралық журналист мамандығын таңдаған. 18 жасынан бастап таэквондомен айналысты. Мұстафа 80-ші жылдары Түркияда жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Германияда полиция қызметкерлерін жаттықтырды.
1991-1992 жылдары ол Түркия мен Германиядан алып келген спортшылармен Қазақстанның барлық облыстарын аралады. Таэквондодан шоу-бағдарламалар ұйымдастырды. Сол арқылы Мұстафа Қазақстанға спорттың осы түрін ала келді. 1992 жылы Қазақстанның таэквондо құрамасын жасақтады. Отандастарымыз Түркия, Италия, АҚШ-та өткен халықаралық турнирлерге, кейін 1993 жылы Таэквондодан өткен әлем чемпионатына қатысты.
Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы 40 жасында, 15 наурызда Алматыда көз жұмды. Анасының өтінішімен Ыстамбұлда әкесі жатқан бейітке жерленген.
Мұстафа Өзтүріктің 3 баласы бар. Тұңғышы Нәзірбек 1981 жылы туған. Қалған екеуі қыз. Үлкені Неслихан, кішісі Аслихан.