18:05, 02 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша алты мектеп салынып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша алты мектеп салынып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлім етті.
«Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 19 мектеп, 7 балабақша тапсырылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша алты мектеп пен үш балабақша салынуда. Бұл нысандар алдағы жылы тапсырылады», - деді облыс әкімі. Оның сөзіне қарағанда, апаттық және үш ауысымда білім беретін мектептер басты проблема болды. Бүгінде алты апаттық мектептен біреуі қалды, сондай-ақ оның орнына жаңа мектептің құрылысы 2016 жылы басталмақ. Үш ауысымдағы 59 мектептің орнына 11 нысан салынды, тағы алты мектептің құрылысы жүргізілуде. Алдағы үш жылда тағы 36 мектеп салынбақ. Әкімдік мәліметтеріне қарағанда, биыл 97 балабақша ашу жоспарлануда, оның ішінде 83-і - жекеменшік.