Алматы облысында тіл үйретудің инновациялық әдістері талқыланды

«Ұлытау» мәдени-лингвистикалық лагерь базасында өткен басқосу Алматы қаласындағы менеджмент университетімен бірігіп «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Қоғамдық келісім» РММ мамандары, мемлекеттік органдар өкілдері, достық үйлері мен этномәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептерінің әдіскер-оқытушылары және басқа да азаматтар қатысты.
6 күн бойы модераторлар тыңдаушыларға теориялық және практикалық сабақтар жүргізді. Семинар барысында әрбір қатысушы белгілі бір әдістемені тәжірибе жүзінде апробациядан өткізіп көруге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың негізгі шаралары шеңберінде «Мемлекеттік тілді және үш тілде білім беруді дамытудың инновациялық әдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Семинар-тренинг қорытындысында қатысушылардың барлығына сертификат берілді. «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев қатысушылардың барлығы да оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілгенін, өңірлерде жаңа әдістемелерді енгізу оқытудың маңызды нәтижесі болатынын атап өтті.