Алматы облысында жеміс консервілеу зауыты ашылды
Серік Үмбетов Қазақстан халқын тамақ өнімдерімен, оның ішінде терең өңделген өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік азық-түлік бағдарламасын жүзеге асырып отырған компания иелерінің атына алғыс білдірді.
«Бұл кәсіпорынның ашылғанына ең алдымен осы зауытқа жұмысқа тұрған Қайнар ауылының тұрғындары қуанып отыр. Қазір ауылда 40 отбасы тұрады. Егер әр үйден бір адам жұмыс істейтін болса - осының өзі жаман емес», - деп атап көрсетті Серік Үмбетов зауыттың ашылу рәсімінде.
Нысанның құрылысы 2009 жылы басталған болатын. Жалпы ауданы - 5 гектар. Мұнда негізінен томат консервілері, томат пастасы өндіріледі.
«Есік жеміс консервілеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қадыр Желдікбаевтың хабарлауынша, зауытқа 600 миллион теңге инвестиция салынып отыр. Ал жабдықтар Италиядан жеткізілген.