Алматы облысында жылыту маусымының міндеттері айқындалды

Атап айтқанда Кербұлақ ауданына фронтальды тиегіш, Райымбек ауданына эксковатор тиегіш, Талғар ауданына трактор берілді. Сонымен қатар бірқатар мамандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары ұсынылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің отырысында белгілі болды.
Әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, күн тәртібінде 2015-2016 жылдағы жылыту маусымының қорытындысы және алдағы 2016-2017 жылғы жылыту маусымының міндеттері туралы мәселе қаралды. Осы тақырып бойынша облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов баяндама жасады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, өткен жылыту маусымына дайындық пен оны өткізуге 4,8 млрд. теңге бөлінсе, алдағы жылыту маусымына облыс бюджетінен 5,1 млрд.теңге қарастырылған.
Энергия өндіру кәсіпорындарына 297,7 мың тонна көмір (толық тұтыну 298,5 мың тонна), 39,4 мың тонна (толық тұтыну 33,1 мың тонна) отындық мазут, жеке сектор үшін 1,4 млн. тонна көмір дайындалды.
Бюджеттік мекемелер үшін 20,8 мың тонна дизель отыны және 35,6 мың тонна көмір, 3,6 мың тонна пеллет дайындалды. Сұйық отынмен жанатын 41 нысанда қазандықтар ауыстырылды.
Жылыту маусымына дайындық барысында 29 қазандыққа, 24,2 шақырым жылу трассасына, 704,6 шақырым су құбыры-кәріз жүйесіне және 13,8 мың шақырым электр желілеріне жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымына 1 992 бюджеттік сала нысаны дайындалды.
Сондай-ақ, Қапшағай, Сарқан, Үштөбе қалаларындағы қазандықтарды жаңғырту, Текелі қаласында жылу желілеріне қайта құрылымдау жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл орайда «Нұрлы жол» бағдарламасының тигізіп отырған шарапаты мол.
Жылыту маусымының өтуі туралы Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев пен Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Кикимов хабарлама жасады.
Жиын қорытындысында облыс басшысы Амандық Баталов 2016-2017 жылғы жылыту маусымына сапалы дайындық жасау, отын қорымен жеткілікті қамту мәселесін ерекше тапсырды. Жылыту ісінде ұсақ-түйек болмауы керектігін, дайындық уақытылы жүргізіліп, күтпеген жағдайлардың алдын алудың қажеттігін алға тартты. Энергиямен қамтушы, энергия таратушы мекемелер мен коммуналдық қызметтер жылыту мерзімінде үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Автокөлік жолдарының да қысқа дайындығын осы бастан қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударды.