Алматы облысындағы «Даму-Көмек» бағдарламасы мүгедекке көмектесті

Мәселен, осындай көмекке ие болғандардың бірі -Текелі қаласының тұрғыны Нұрлан Төлепбергенов. Оның бизнесіне «Халық Банкі» Талдықорған аймақтық филиалы тиісті қаржы бөліп, «КОНИКА» фотосалонының жұмысын жандандырды. Текелі қаласы, Әуезов көшесі №39 үйде орналасқан фотосалон ашылғалы 10 жылға таяу болса да, қаржы тапшылығынан бизнесін кемелдендіре алмай келген еді. Тіпті, балдаққа сүйеніп жүрген жас жігіт үшін қиындық көп болатын. Ол өткен жылы желтоқсан айында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» облыстық филиалы ұйымдастырған екі күндік семинарға қатысып, өз жобасын ұсынған болатын. Өтінішіне орай, Қазақстан «Халық Банкі» Талдықорған аймақтық филиалы тиісті қаржы бөліп, демеу көрсетті. Нәтижесінде, сурет өңдеудің көне техникасын қолданып келген фотосалон қазіргі заманға сай сандық аппаратқа қол жеткізді. Тіпті, сурет шығарудан өзге құжаттарды көшіру, тағы басқа да қызмет түрін енгізді.
«Басында азын-аулақ қаражатыммен бұл жұмысты бастап едім. Бірақ, көне үлгіде жұмыс жасау қиын тиді. Кейін жолдастарым ескі құрылғыны сыйға берді. Бірақ, бұзылып қалуына байланысты жұмыс жүрмей қалған еді. Міне, енді, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының» мұрындық болуы және «Халық Банкі» Талдықорған аймақтық филиалының көмегімен жаңа құрылғыға ие болдық. Қазір қызмет түрі де көбейіп, кірісім де артып келеді», - деді Н.Төлепбергенов.
Жалпы Алматы облысында «Даму-Көмек» бағдарламасы арқылы үш мүгедекке көмек көрсетілді.