08:05, 24 Қазан 2012 | GMT +5
Алматы облысының ауылында күн көзінен қуат алатын компьютерлік сынып ашылады
АЛМАТЫ. 24 қазан. ҚазАқпарат - 25 қазан күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындағы Төле Кенжебаев атындағы орта мектепте күн панельдерінен электр қуатын алатын компьютерлік сынып ашылады.
«Күн технологиялары: жаңғырмалы қуат және алыс аймақтағы әйелдерге жаңа технологиялар» атты ілкі жобаны «ЭксонМобил» қорының демеушілігімен «Карнеги қоры» мен «Қазығұрт» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асыруда. Сынып Теле-2 компаниясының грантымен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.
12 компьютерден, принтерлерден және фотогальваникалық жүйемен жабдықталған сыныпта жергілікті халыққа жаңғырмалы қуат көздері туралы мағлұматтар беріліп, әйелдер үшін кәсіпкерлікке баулу курстары өткізілетін болады. Сондай-ақ сыныпты Төле Кенжебаев атындағы орта мектептің 900 оқушысы қосымша білім бағдарламаларын жүргізу үшін қолданатын болады. Жергілікті тұрғындар үшін ол интернет-кафе ретінде қызмет ететін болады.