Алматы облысының Панфилов ауданының барлық қызметтері төтенше жағдай режимінде жұмыс істеуде

ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ -Панфилов ауданының Жаркент қаласы мен Көктал, Үшарал, Кішішыған ауылдарында 76 тұрғын үй мен жекелеген қора-жайларды су басып қалды.
None
None

Панфилов ауданының әкімі Ермек Келемсейітовтың хабарлауынша, қазіргі таңда аудан төтенше жағдайлар режимінде жұмыс істеп жатыр. 1 мыңнан астам адам - жергілікті тұрғындар, әскерилер, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері - құтқару шараларын жүргізуде.

«Су басып қалған үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Олар Жаркенттегі қонақүйлерге жайғастырылды, қариялар мен мүгедектер ауруханаларға, кейбіреулері туыстарының үйлеріне орналастырылды. Малдар шаруа қожалықтарының қораларына жайғастырылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері төтенше жағдай орын алған аумақтарды күзетуде», деп түсіндірді Ермек Келемсейітов.

«Күннің күрт жылынуы мен нөсер жауынның салдарынан бұл ауданда қызылсу жүріп өтті. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында судың деңгейі төмендеуде. Оған қоса, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күшімен су басып қалуға бейім учаскелер тексерілуде», дейді қазір Панфилов ауданында жүрген төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Данаев.

Алматы облысының төтенше жағдайлар ведомствосының мәліметтері бойынша, жауын-шашынның және қардың еруі салдарынан ақпанның 22-сінде сағат 07.30 бен 16.30 аралығында үй аулаларын су басып қалды. Көксу ауданының Мәмбет, Мұсабек, Алғабас, Іле ауданының Ақши, Ескелді ауданының Бақтыбай, Қарабұлақ, Ұйғыр ауданының Ұзынтам, Панфилов ауданының Көктал, Үшарал, Кіші сыған ауылдарында, Жаркент қаласында үйлер мен қораларды су басып қалды. Аталған ауылдарда төтенше оқиғаның салдарын жоюға жергілікті тұрғындар, құтқарушылар мен әскерилер жұмылдырылды.

Соңғы жаңалықтар