16:18, 02 Наурыз 2012 | GMT +5
Алматы және Жамбыл облыстарындағы аусылға байланысты ОҚО-ға әкелініп жатқан еттің бақылануы күшейтілді
ШЫМКЕНТ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының шекарасындағы «Шақпақ» бақылау-өткізу пунктінде ОҚО-ға әкелініп жатқан етті тексеретін ветеринарлық бекет ашылды.

ОҚО ветеринарлық инспекциясының бастығы Тілдабек Сейірбековтың түсіндіруінше, онда жол полициясының қызметкерлері мен ветеринарлық инспекциясының қызметкерлері бірлесіп жұмыс істеуде. «Бақылау біздің облысымызға көршілес жатқан облыстарда тіркелген аусыл оқиғаларына байланысты күшейтілген», - деді ОҚО-ның бас ветеринарлық инспекторы.
Бекетте етті әкелу тәртібі тексеріледі, тұтас еттерді арнайы рефрижераторларсыз тасымалдауға тыйым салынған. Сондықтан көліктердің жүксалғыштарында немесе жолаушылар автобустар арқылы тасымалданып жатқан етті облысқа кіргізбейді. Енді кәсіпкерлерде малдың сойылған орнынан алынған куәлік болуы қажет.