Алматыда 200-ден астам бала әуе шарымен аспанға көтерілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан жиналған 200-ден астам бала әуе шарымен аспанға көтеріліп, туған қаласын көз жетер биіктіктен тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл шара 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды.
None
None

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты - балаларға ерекше қуаныш сыйлау.

Айтса айтқандай, бүгін балалар шынында да өздерін атақты француз жазушысы, ғылыми фантастиканың негізін қалаушы Жюль Верннің әуе шарымен саяхат жасаған кейіпкерлеріндей сезінді деуге болатындай. Өйткені жерге түскен соң балалар, қуаныштары қойындарына сыймай, ата-аналарын қаумалап, бір-біріне сөз бермей алған әсерлерімен бөлісіп жатты.

«Бүгін біздің 7-12 жас аралығындағы кішкентай «саяхатшыларымыз» ешбір қорықпастан әуе шарымен көкке көтерілді. Тіпті 5 жастағы балалар да ұшуға ниет білдірді. Оларға да рұқсат бердік. 15-20 метр биіктікке дейін көтерілген әуе шарын жел әрі-бері тербеумен болды. Мұның өзі балаларға ерекше әсер сыйлады. Жерге түскен соң балалар әуе шарының аясында естелікке суретке түсті. Одан басқа, біз саябақта 4 жасқа дейінгі балаларға арнап, алып батут орнаттық. Онда балалар секіріп, асыр салып ойнады. Қуаныштарында шек болмады», - деді өз сөзінде осы шараны ұйымдастырушы - «Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы Людмила Шустова.

Таңертең сағат 09:00-да басталған шара күндізгі сағат 13:00-ке дейін созылды.

Бір айта кететін жайт, бүгін ұйымдастырушылар алып шардың әрбір ұшуын, ондағы балаларды толыққанды суретке түсіру үшін арнайы фотограф шақырған болатын. Енді, фотоаппараты болмағандар өз баласының суретін алу үшін «Қазпошта» АҚ арнайы сайтына кіріп, суреттерді өзіне көшіре алады немесе дискіге көшіріп беруге өтініш жасай алады.

Соңғы жаңалықтар