12:42, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда 2008 жылы тіркелген қылмыстар саны 0,3 пайызға артты
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Өткен жылы Алматы қаласының прокуратура органдарының іс-қызметтері Елбасының қойған міндеттеріне және ҚР Бас прокуратурасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қала прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 2008 жылы Алматы Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша Қазақстанда алғаш рет барлық құқық қорғау органдарымен және арнайы органдармен бірлесе «Қауіпсіз қала» акциясы өткізілді. Қылмыстық ахуалды тұрақтандыру бойынша бірлескен іс-шаралар кешенін қабылдау арқылы қылмыс деңгейін бірқалыпты ұстау мүмкіндігіне қол жеткізілді. Тіркелген қылмыстар саны 0,3 пайызға артты. Қылмыстардың жалпы ашылу деңгейі 45,7 пайызды құрады, 2007 жылы бұл көрсеткіш 43,4 пайыз болған еді. Құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты 103 қылмыстық іс қозғады.
Азаматтардың, соның ішінде тұрғын үй кешендерінің құрылысы бойынша үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінді. 8 қылмыстық іс қозғалып, оларға қатысты тергеу жүргізілуде, 9 құрылыс компаниясының басшысы қамауға алынды және біреуіне іздеу жарияланды. Үлескерлерге келтірілген шығын 20 млрд. теңгеден асып жығылады.
Прокурорлық әрекет ету актілері бойынша мемлекетке келген шығындардың 2,5 миллион теңгесі қайтарып алынды.