Алматыда 23 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматыда 23 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бүгінгі таңда Алматы бойынша 23 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары бос жұмыс орны бойынша көш бастап тұр. Жұмыс берушілер бізбен хабарласып жатыр, жұмыс бар. Қазір еңбек биржасында 15 мыңнан астам ашық жұмыс орындары бар. Олардың қатарында дәнекерлеуші, электрик, көлік жүргізуші, қызмет көрсету саласында даяшылар, бармен сияқты мамандарға сұраныс жоғары», - дейді Данияр Әлкебайұлы.

Сонымен қатар, ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында уақытша жұмыспен қамту да жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Алматыда қоғамдық жұмысқа тартылғандардың ең төменгі жалақысы - 85 мың теңге. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 12 мыңнан астам азамат сол жұмыста еңбек етуде. Жыл соңына дейін 15 мың азаматты қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл тек көше, саябақтарды тазалау ғана емес, оның ішінде қарттарға, мүгедектерге көмек көрсету сияқты жұмыстар да бар»,– дейді ол.


Соңғы жаңалықтар