Алматыда «Абай әлемі» атты көрме ашылды (ФОТО)
«Бұл көрмеге ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына қатысты қолжазбалар және кітаптармен қатар, Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінен де 100-ге тарта жәдігерлер жеткізілді. Солардың 50-ден астамы - құжаттар. Бұл жерде Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хатын, Абай қол қойған құжаттарды, 1903 жылы ақынға берілген мінездемені, Абай оқыған шығыс ақыны Сағдидің «Бостан» поэмасының қолжазбасын айтуға болады. Сондай-ақ, Абайдың ақындық тұлғасын, қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасын аша түсетін басқа да құжаттар бар», - деді өз сөзінде Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Шынар Садықова.
Сонымен қатар ол көрмеге Абай өмірі мен оның әулетіне қатысты портреттер, фотосуреттер, мүсіндер, киімдер, кілемшелер және басқа да заттардың қойылғандығын айтты.
«Енді Абай қырда туып, өмірін қырда өткізген ғой. Семейге келіп кетіп жүрген. Сонда түсетін үйлері болған. Мысалы, Бекбайдың, Анияр Молдабаевтың үйі. Міне сол үйлердің, өзі жүрген көшелердің, өзі мүшесі болған қоғамдық мекемелердің, өзі тұрақты оқырманы болған кітапхананың фотосуреттері әкелінді. Сондай-ақ келушілер Абайдың өз әулетімен түскен фотосуреттерін де тамашалай алады. Егер жұртшылық осы көрмеге: «Мен Абайды түсіндім бе? Абай маған керек пе?» - деп өзіне сұрақ қойып, Абайды тануға ынталық танытып келер болса, онда мақсатымыздың орындалғаны. Өйткені, бұл көрменің тәрбиелік мәні өте зор», - деді Ш. Садықова.
Айта кетелік, көрменің ашылу рәсіміне Ақылбайдың немересі, Абайдың шбересі Қасира Исраилова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев, сонымен қатар әдебиеттанушы мамандар, жоғары оқу орындарының студенттері және музейге келушілер қатысты.
Көрменің ашылу рәсімі барысында Абай атындағы Опера және балет театрының, Эстрада және цирк колледжінің, Құрманғазы атынадғы Мемлекетітк консерваторияның студенттері Абайдың бірқатар әндерін шырқап, жиналған қауымның ризашылығына бөленді.