Алматыда алдағы 5 жылда жолаушлыар тасымалдауда қоғамдық көліктердің үлесі кемінде 33 пайызға дейін жеткізіледі - қала әкімі Ахметжан Есімов

«Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында соңғы жылдары көп жұмыстар жасалды. 2013 жылы біз «ҚазТранГаз» компаниясымен бірлесіп жеке секторды газдандыруды аяқтаймыз. Қазіргі таңда оның 85 пайызы газдандырылды. Биылғы жылу маусымында «ЖЭО-1» газбен жұмыс істей бастады. Дегенмен барлық кезде бірдей емес жүктеме көбейген кезде қатты отынмен, яғни көмірмен жұмыс жасайтын болады. Ал алдағы жылдары жылу көздері толықтай газга көшірілетін болады», - деді «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, қоғамдық көліктерді газға көшіру мақсатында 200 автобус сатып алынған болатын. Келесі жылы тағы 200 автобус сатып алынбақ. Екінші муниципалдық қалалық автобус паркін құрған соң, жеке автобус парктері де газға көше бастайды. Ахметжан Смағұлұлының сөзіне қарағанда, электркөліктерін дамыту мәселесі де көкейкесті болып отыр. Былтыр метро іске қосылған бастапқы кезде күніне 12 мың жолаушы тасымадаса, қазір оның саны 20 мыңнан асып отыр. 1990 жылдардың бас кезінде қалада 415 троллейбус пен 180 трамвай бар болатын. Қазір 101 троллейбус пен 19 трамвай ғана қалған. Сол себепті биыл қараша айынан бастап жаңадан сатып алынған 50 троллейбус жолаушылар тасымалдай бастады. Желтоқсанда оның саны тағы 50-ге ұлғаяды. Ал сәуірге дейін тағы 100 троллейбус сатып алынбақ.