Алматыда Александр Винокуровтың жұлдызы «жанды» (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Жұлдыздар аллеясында атақты велошабандоз Александр Винокуровтың жұлдызы «жанды».
None
None

2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан Республикасының ебек сіңірген спорт шебері, «Astana Pro Team» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров атаулы жұлдыздың ашылу рәсіміне өзі де қатысты.

Салтанатты шараны пауэрлифтингтен әлем чемпионы Уәлихан Тен жүргізді. А. Винокуровтың жұлдызы «MEGA Park» сауда ойын-сауық кешенінің алдында орналасқан Жұлдыздар аллеясында үшінші болып орын алды. Бірінші болып бұл жерге зілтемір көтеруден екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің жұлдызы «жанған» болатын. Келесі болып «Мейірімділік» ерікті қоғамы қорының директоры Аружан Сайынның жұлдызы орын алды.

Александр Винокуровтың жұлдызын белгілі мүсінші Нүркен Дәукенов жасаған. «Жұлдыздар аллеясы - бұл Нұрлан Смағұловтың тамаша идеясы. Бұл мен үшін тарихи сәт. Мен бұл жұлдызды жас ұрпаққа, жас спортшыларға, велошабандоз бауырларыма арнағым келеді. Мен оларға табыстар тілеймін! Білімде болсын, спортта немесе бизнесте болсын алдарыңызға қойған мақсаттарыңызға жете біліңіздер», - деді А. Винокуров.

Бүгінгі салтанатты шараға Александр Винокуровтың достары мен әріптестері де қатысты.

«Баршаңызды отанды, спортты сүюге шақырамын. Сол үшін үлкен істер атқарыңыздар. Александр өзінің туған қаласы Петропавлды бүкіл Қазақстанға әйгілі етті. Көптеген жас жеткіншектер Александарды үлгі тұтып, велосипедке отырды. Александр өзінің спорттағы жетістіктерімен қазіргі Қазақстанның тарихын көріктендіре түседі. Бүгін Александр Винокуровтың есімі осы Жұлдыздар аллеясында мәңгілікке сақталғандығын мақтанышпен айтамын», - деді «АSTANA GROUP» корпорациясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Айта кетелік, таяуда Александр Винокуровтың «Олимпиада жолы» атты кітабының тұсауы кесілген болатын. Онда Олимпиада чемпионының өмірбаяны, спорттық жолы және отандық велоспорттың даму кезеңдері жазылған.

Соңғы жаңалықтар