Алматыда «Алға, Қазақстан!» ұранымен "Нұр Отан" партиясы жақтастарының форумы өтті
Шараны ұйымдастырушы - "Нұр Отан" ХДП Алматы қалалық филиалы.
Еліміздің ірі саяси бірлестігін қолдауға белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер, спортшылар, түрлі мамандық иелері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері форумға арнайы қатысты. Олар партияны қолдау үшін жиналғандарын атап өтіп, "Біз партия жақтастары - Көшбасшымыздың сенімді тірегіміз, оның басшылығымен еліміздің жарқын болашағы үшін - тек қана алға жүреміз"- деп ұрандады.
Форумда "Нұр Отан" партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткер Дариға Назарбаева, Қуаныш Сұлтанов, Зағипа Балиева, Тұрарбек Асанов, Ольга Шишигина, Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Айткүл Самақова, Дарья Клебанова, Светлана Романовская, Мәулен Әшімбаев және тағы басқа үміткерлер сөз сөйледі. Олар елдің 20 жылдағы жетістіктерін атап өтіп, жиналған қауымды "Нұр Отанға" біркісідей дауыс беруге шақырды.
"Алматы тәуелсіздіктің бесігі. Елбасы - тәуелсіздіктің негізі. "Нұр Отан" - тәуелсіздіктің тірегі. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болу үшін, әр азаматтың әл-ауқатын жақсарту үшін әрдайым Елбасымен бірге, "Нұр Отан" ХДП-мен бірге болайық! Сайлауда барлықтарыңыз 100 пайыз "Нұр Отан" партиясына дауыс береді деп сенемін", - деді депутаттыққа үміткер Гүлмира Есенбаева.
Шара барысында еліміздің танымал әншілері - Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, Айгүл Иманбаева және «Орда» топтары өз өнерлерімен партияны қолдап, әнмен шашу шашты.