Алматыда алғашқы жартыжылдықта индустриялық картаға кірген 1,1 миллиард теңгенің жобалары іске қосылады - Ахметжан Есімов

Оны қала әкімі бүгін Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевті индустрияландыру картасындағы жаңа жобалармен таныстыру кезінде айтты.
«Осы уақытқа дейін 258 миллиард теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Олар жаңа жұмыс орнын ашып, салық түсімін көбейтті. Біз өз уәдемізді орындаймыз. Өнеркәсіп өткен жылы 15 пайызға өсті. Ал республикада ол 3,7 пайызды құрады. Алматы индустриялық-иннновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде жақсы серпін алды. Бізде салтанатты түрде ашып, артынан жұмыс істемей тұрған кәсіпорын жоқ», - деді Ахметжан Есімов. Қала әкімінің айтуынша, 2011 жылы ел бюджетіне Алматы 1 триллион теңге салық жинады. Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемесіне қарағанда, биыл республика бойынша 3,6 триллион теңге салық жиналмақ.