Алматыда «Аутизм балалардың көзімен» көрмесіне 120-дан астам жұмыстар қойылды (ФОТО)

Көрме қарсаңында ұйымдастырушылар - «Асыл мирас» қайырымдылық қоры мен «Ашық Әлем» қоғамдық қоры балалар арасында арнайы шеберлік сыныбын өткізді. Онда мамандар балаларға аутизм туралы әңгімелесе, пантомима актерлары аутизм бойынша әр түрлі ахуалдарды ыммен көрсетті.
«Бүгінгі шара біздің қордың 2014 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Аутизм. Әлем барлығымызға ортақ» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Біз қоғамда аутизм дертінен зардап шегетіндерге қатысты кеңшілік көзқарасты қалыптастырып, бұл адамдардың қоғамға сіңісіп кетуіне жағдай жасағымыз келеді. Бұл көрмеден біздің аутимзге шалдыққан балаларға арналған орталықтарымыздың тәрбиеленушілерінің жұмыстарын да көруге болады. Яғни, біз шығармашылық жұмыстар арқылы аутистер әлемін кәдімгі балалар мен аутист балалардың қалай қабылдайтындығын көрсеткіміз келді», - деді «Асыл мирас» қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Көрме барысында ұйымдастырушылар үздік жұмыстарды таңдап, авторларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
«Мен кенепті екі бөлікке бөлдім. Сөйтіп, бір бөлігінде заттарды дәстүрлі формада, ал екінші бөлігінде осы заттарды анағұрлым жарқын түспен және күрделі формада салдым. Меніңше, аутист балалар әлемді осылай сезінеді», - деді өз сөзінде Гран-при жүлдесінің иегері 10 жастағы Дарья Евдокименко.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, елімізде 18 жасқа дейінгі аралықта аутизм дертіне шалдыққан 2 мыңдай адам өмір сүреді. Алайда, мамандардың айтуынша, олардың саны бұдан көп болуы тиіс. Өйткені, осы дертке шалдыққандардың барлығына бірдей дұрыс диагноз қойылмаған.
Көрме Ә. Қастеев атындағы Бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінде өтіп жатыр және ол 5 маусымға дейін созылады.