15:19, 19 Қазан 2016 | GMT +5
Алматыда автобус дүкенге соғылды, зардап шеккендер бар
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда болған жол апатынан 6 адам зардап шекті, оның 2-еуі көлік жүргізушісі, 4-еуі жолаушы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бүгін Сейфуллин көшесімен келе жатқан №85 бағдардағы автобусқа қарсы бағытта қозғалыс үстінде болған Daewoo Nexia көлігі келіп соғылған. Соққыдан автобус тұрақта тұрған Hyundai көлігін қағып, азық-түлік дүкеніне соғылған.
Оның атап өтуінше, жол апатынан 2 көлік жүргізушісі мен 4 қоғамдық көлік жолаушысы жарақаттанды. Дүкенде болған адамдар зардап шеккен жоқ.
«Жол оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді Салтанат Әзірбек.