Алматыда «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің жарыққа шығуының 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

АТЫ. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ертең Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және тұңғыш ұлттық мерзімді басылымдар - «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің жарыққа шығуының 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
None
None

Конференция аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұқаралық коммуникация тарихы мен теориясы, баспасөз және интернет журналистика кафедраларының ұйымдастыруымен ХХ ғасыр басындағы алғашқы қазақ басылымдарының жарыққа шығуының 100 жылдығына арналған«Айқап» және «Қазақстан» - жалпыұлттық демократиялық баспасөз көшбасшылары» атты халықаралық дөңгелек үстел өтеді.

«Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналы тұңғыш рет қазақ тілінде 1911 жылы Троицк қаласында басылып шыққан. Басылым редакторы - ұлтымыздың көрнекті де, талантты көсемсөзшісі Мұхамеджан Сералин. Журнал бетінде С. Торайғыров, С. Сейфуллин, Б. Майлин, М. Жолдыбаев, С. Көбеев, Б. Қаратаев сияқты танымал қоғам қайраткерлері мен жазушылардың шығармалары жарияланған еді.

«Қазақстан» газеті қазақ және орыс тілдерінде 1911-1913 жылдар аралығында Орда қаласында шығып тұрды. Басылым редакторы қызметін Елеусін Бұйраұлы атқарды. Газет қазақ қоғамының ілгері басуына ерекше ықпал етіп, жалпы демократиялық және ағартушылық бағытқа жол ашты. Үш жыл ішінде оның 18 саны ғана жарық көрген.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында «Алғашқы қазақ басылымдарының ұлттық журналистика тарихында алатын орны», «Айқап» журналы және «Қазақстан» газетінде жарияланған мақалаларды заман талабына сай ғылыми сараптау, «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті - XX ғасыр басындағы қазақ тарихының дерек көзі, Ұлттық журналистика тарихи мұраларын Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығымен сабақтастық байланыста қарастыру сынды тақырыптар талқыланып, баяндамалар оқылады.

Халықаралық деңгейде өткізілетін дөңгелек үстелге Қазақстанның, Орталық Азия республикалары мен Ресейдің ғалымдары, қоғамдық коммуникация тарихы мен теориясы саласының білікті зерттеушілері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, медиа орталықтар, қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар
Референдум