09:42, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыда аймақтық қауіпсіздікке қатысты халықаралық конференция өтуде
АЛМАТЫ. Наурыздың 12-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ –Алматыда «Ауғанстан маңайындағы аймақтық қауіпсіздік: лаңкестікпен күрес қаншалықты нәтижелі?» атты халықаралық конференция өтуде.
Бұл мәслихат ҚР Тұңғыш Президентінің қоры жанындағы Әлемдік экономика мен саясат интитутының және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш басқосуға АҚШ, Ресей, Қытай, Ауғанстан, Қазақстан және Орталық Азияның өзге де елдерінің үздік ғылыми-сараптамалық орталықтарынан және академиялық институттарынан сарапшы мамандар қатысуда. Сондай-ақ елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері де конференция жұмысына атсалысып отыр. Олар әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп отырған қауіпсіздік мәселелерін талқыға салуда, соның ішінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы қауіп-қатерді анықтау мен сараптау және аймақтық, халықаралық деңгейде осы қатерлерге төтеп беру мүмкіншіліктері сөз болуда. ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов атап өткендей, жиырма бірінші ғасырдың бірінші онжылдығында лаңкестікпен және экстремизммен күрес мәселесі алға шығып отыр. Халықаралық ұйымдардың барлығы дерлік аталмыш қауіп-қатерлерді күн тәртібінен түсірмеуде. Бүгінгі таңда Ауғанстанға 40-тан астам мемлекет өздерінің әскери күштерін жіберген. АҚШ-тың осы елдегі жауынгерлер санын 34 мыңнан 60 мыңға дейін арттыру туралы шешім қабылдауының өзі бұл аймақтағы қатердің әлі де күрделі екендігін көрсетеді.«Қазақстан Ауғанстанға қатысты мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие. Соның ішінде, еліміз Ауғанстанға жүк тасымалдаған 60 мың ұшақтың емін-еркін ұшуына әуе дәлізін қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта Қазақстан гуманитарлық жүктерді тасымалдауға өзінің теміржол желісін пайдалануды ұсынып отыр», - дейді Б. Мұхамеджанов.Халықаралық конференция жұмысы бүгін аяқталады.