Алматыда бала күнгі жолдасын өлтірген қылмыскер ұсталды

АЛМАТЫ. 29 ақпан. ҚазАқпарат - Жақында Алматыда қала маңындағы «Өжет» ықшам ауданы мен «Заря Восток» елді мекендерін жалғастырып жатқан сайда Жамбыл облысы Қордай ауданының 22 жастағы тумасының өлі денесі табылған болатын.
None
None

Сарапшылар жас жігіттің кеуде тұсына оннан астам пышақ жарақаты салынғандығын анықтаған еді. Ұзақ уақыт өтпей бүгін ол қылмыстық істің беті ашылып, жас жігітті өлтірген қылмыскер құрықталды. 

Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сабыржан Жұрабековтың айтуына қарағанда, марқұм болған жігіттің жеке басын анықтағаннан кейін тергеу тобы оның қандай кәсіппен айналысқанын нақтылауға кіріскен. Кейінірек белгілі болғандай, марқұм Алматыға ақша табу үшін келген екен. Іздестіру жұмыстарының алғашқы сағаттарында-ақ жедел уәкілдер жас жігітті соңғы рет көрген адамдарды анықтап, олардан нақты түсініктемелер алған.  Куәгерлер пышақ жарақатынан қайтыс болған жігітті соңғы рет өзінің жерлесімен кетіп бара жатқанын айтқан. Осылайша тәртіп сақшыларының назарына іліккен 21 жастағы Пархат есімді жерлесі құрықталды. Ұстау барысында одан досын өлтірген қылмыс қаруы - пышақ тәркіленген. Жауап алуда  ол өз кінәсін толығымен мойындады. Бала кезгі достар Пархат пен Инар Қордай ауданында туып-өсіп, бір көшенің бойында көршілес тұрған. Ал жарты жыл бұрын Пархат Алматыға жұмыс істеу үшін келген. Араға алты ай салып ол өзінің бала күнгі досын да ақша табу үшін алып шаһарға шақырып алған. 

Құрықталған жігіттің айтуына қарағанда, ол өзінің ескі танысын бұрынғы өкпе-реніші үшін бақилыққа аттандырған көрінеді. "Қаныпезер марқұм болған Инардың одан бірнеше рет ақша бопсалап, қоқан-лоққы көрсеткенін айтып, ақталмақшы болды. Дегенмен де, оның берген бұл түсініктемесі еш қисынға келмейді. Қалай болғанда да оның бұл ауыр қылмысы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны сөзсіз", - деді С. Жұрабеков.

Соңғы жаңалықтар