Алматыда балабақшада қаза болған 5 жасар бүлдіршіннің ата-анасы мен сотталушы келіншек ымыраға келуі мүмкін

«Жәбірленуші тараптың арыз-шағымдары қайтарылып, тоқтатылды. Егер іс барысында қосымша арыздар түсетін болса қаралады. Марқұм қыздың әкесі Бақытжан Молдабаев пен Ербол Төлепов, Серік Сәрсеновтер айыпталушыдан ештеңе талап етпейді», - деді прокурор.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындады.
«Мен өз кінәмді толық мойындаймын. Әділ сот мейірімділік танытуыңызды сұраймын. Ауызша түрде осы кінәмді мойындаған арыз-шағымымды бердім», - деді Т.Семченко.
Сондай-ақ, сот отырысы барысында Семченко ханымның онкологиялық есепте тұрғаны белгілі болды.
«Кінәлі азаматшаның онко-диспансерде тұрғанын қылмыстық істе қарауыңызды сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Заң мамандарының айтуынша, ол өз кінәсін толық мойындауына байланысты Қылмыстық Кодекстің 345-бабы, 3-бөліміне сәйкес 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Соттың ақырғы шешімі 10 тамыз күні шығады.
Айта кетейік, төтенше жағдай 20 мамырда болған еді. Тайота Лэнд Крузер көлігі №58 балабақшаның шарбағына соғылып, аула ішіндегі үйшікті қиратқан болатын. Сол сәтте алаңда ойнап жүрген 5 жастағы балдырған қыз көз жұмды, сегіз бүлдіршін ауруханаға жеткізілді, олардың екеуі жан сақтау бөліміне түсті.