17:21, 28 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Алматыда балаларын бесінші қабаттан лақтырып жіберген әйелдің халі жақсарып келеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда балаларын тұрғын үйдің бесінші қабатынан тастап жіберген әйелдің халі жақсарып келеді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
33 жастағы Жадыра Құлмамырова емдеу курсынан кейін нөмірі №1-ші Орталық қалалық клиникалық аурухананың оңалту бөліміне ауыстырылды. Ал оның 1 жас екі айлық қызы нөмірі №1-ші қалалық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінде жатыр. Халі жақсарып келеді.
Естеріңізге сала кетелік, қайғылы оқиға үстіміздегі жылдың 5-ші қыркүйегінде таңғы сағат 9 шамасында Сәтбаев пен Тұрғыт Озал көшелерінің қиылысында орын алған. Әйел екі баласын бесінші қабаттың балконынан жерге тастап жіберген соң, артынша өзі де секіріп кеткен болатын. 2007 жылы туған қызы оқиға орнында жан тәсілім етті. Ал кіші қызы аман қалды. Алматы қ. ІІД хабарлауынша, қазір тергеу амалдары жүргізілуде.