Алматыда батысқазақстандық суретшілердің көрмесі ашылды

ОРАЛ. 1 шілде. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан Суретшілер одағының бас ғимаратындағы «Ұлар» көркемөнер галереясында батысқазақстандық қылқалам шеберлерінің республикалық сурет көрмесі ашылды.
None
None

Қазақстан Суретшілер одағының жауапты хатшысы, профессор, өнертанушы Жанарбек Берістеннің атап өткеніндей, биыл Қазақстан Суретшілер одағының құрылғанына 80 жыл толмақ. Бұл - батысқазақстандық суретшілердің сол мерейтойға жасаған тартуы. Көрменің бір ерекшелігі, ұйымдастырушылар суретшілердің үш буынын біріктірген, шығармалар әр қилы, жазылу тәсілдері де әртүрлі болғанымен, өзара үндестік тапқан, суретшілер сапалы жұмыстанып, туындыларын өте сауатты жазған. Галерея директоры, өнертанушы Юрий Маркович те батысқазақстандық суретшілер өнеріне ризашылығын жеткізді.

Бұл шараны өткізуге батысқазақстандық белгілі суретші Қуандық Мәдір басшылық ететін «Өнер» қоғамдық қоры мен биыл ресми тіркеуден өткен «БҚО Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Көрмеге өңірге есімдері белгілі үш суретшінің шығармалары қойылды.

Надежда Тихонова - ұзақ жылдар қалалық көркемсурет мектебінде дәріс берген ұстаз-суретші. Қазір зейнеткерлік демалыста болса да, қылқаламын қолынан бір сәт тастаған емес, шығармалары адамның ішкі рухани дүниесінің нәзік қылын шертеді.

Қанат Оразов - ұлттық тақырыпта, қазақи таным-түсінікпен тарихи бағытта жұмыстанатын қылқалам иесі. Ширек ғасырдай сурет өнерін жанына серік еткен әрі дарынды балаларды тәрбиелеп жүрген жоғары санатты ұстаз.

Мэлс Отаров - майталман аға буын өкілдерінен үлгі алып, дүниетанымдық ойларын өзінше өрнектеп жүрген облыстағы дарынды жас қылқалам шеберінің бірі.

Бұлардың үшеуі де көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқау-фестивальдерге қатысып, тәжірибе жинақтаған суретшілер.

Көрменің ашылуына Оралдан Мэлс Отаров барып, арнайы қатысып келді. Биылғы қазан айында Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдығына арналған республикалық көрмеге батысқазақстандық суретшілер де қатысатын болады, бұдан басқа да жоспарланған жобалар бар.

Соңғы жаңалықтар
Референдум