Алматыда «Бейбіт мақсат-2010» лаңкестікке қарсы оқулары ресми түрде ашылды

АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Бейбіт мақсат- 2010» лаңкестікке қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығу шеңберінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы күштері бас штабтары бастықтарының қатысуымен әскери-саяси кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Кеңес барысында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің әскерлерін шартты дағдарыс жағдайын реттеуге пайдалану туралы ұсыныстар қарастырылып, жан-жақты пысықталды.

Әскери-саяси кеңеске қатысушылар халықаралық және аймақтық жағдайға, ШЫҰ қорғаныс қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық пен басқа да ортақ мүддедегі бірнеше мәселелерге кеңінен тоқталды.


«Бейбіт мақсат - 2010» оқу-жаттығуының жетекшісі генерал-майор Мұрат Майкеев әскери-саяси кеңеске қатысушылардың назарына оқу-жаттығудың мақсаты мен маңызын, сондай-ақ шартты әскери-саяси жағдайды жеткізді.

Кеңес қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы Күштері бас штабтарының бастықтары бірлескен жедел директива әзірлеп, оған қол қойды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің «Мәтібұлақ» полигонына «Бейбіт мақсат - 2010» оқу-жаттығуына қатысу үшін Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімшелері шоғырландырылған.

«ШЫҰ-на мүше мемлекеттер түгелге дерлік қатысатын осындай үлкен деңгейдегі жаттығу Ұйым тарихындағы сөзсіз маңызды оқиға деуге тұрарлық. Бұл жаттығулар әлемдік қауымдастыққа ШЫҰ-ның аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарлы және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұрарлық тапсырмаларды өз бетінше шешуге қабілетті екенін көрсете білуі керек», - деп атап өтті ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.

Қазақстан 2010 жылғы маусым айынан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді қолға алды. Осындай жауапты лауазымда отырып, Ұйымға мүше мемлекеттердің қатысуымен «Бейбіт мақсат- 2010» оқу-жаттығуын өткізу біздің ел үшін үлкен мәртебе. Бұған дейін кең көлемді «Бейбіт миссия» оқу-жаттығуы осыдан үш жыл бұрын Ресей Федерациясының аумағындағы «Шұбаркөл» полигонында өткен болатын.

Биылғы жаттығуға үш мыңнан астам әскери қызметші қатыспақ. Сонымен қатар, үш жүздің үстінде әскери техника, елуден астам ұшақтар мен тікұшақтар тартылған. Олардың қатарында Қытай Халықтық азат ету армиясы мен Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әскери авиациясы бар.

Лаңкестікке қарсы халықаралық жаттығуға дайындық пен оны өткізуге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, ІІМ Ішкі әскерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері де қатыстырылады.

Бағдарлама бойынша әскерлер жедел тапсырманы алған сәттен бастап лаңгестікке қарсы бірлескен операцияларға дайындық пен оны өткізуге кіріседі.

Жаттығуға әзірлік барысында ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің бөлімшелері бірнеше бірлескен дайындықтар өткізеді. Жаттығудың шешуші кезеңі 2010 жылғы 24 қыркүйекке жоспарланған. Жаттығуларды бақылау үшін «Мәтібұлақ» полигонына ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері, сондай-ақ Әзербайжан мен Украина қорғаныс ведомстволарының басшылары келеді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары құрған аймақтық халықаралық ұйым. Ұйымның басты тапсырмаларының бірі аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту, террормен, сепаратизммен, экстремизммен, есірткі тасымалымен күресу. Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық әріптестікті, ғылыми және мәдени қарым-қатынасты дамыту болып табылады.

ШЫҰ қазіргі таңда ірі экономикалық, қаржылық, технологиялық және адами ресурстарға бай, айтарлықтай инновациалық әлеуеті бар қарқынды дамып келе жатқан аймақтық ұйым болып есептеледі.

Соңғы жаңалықтар