Алматыда бильярдтан Әлем чемпионаты аяқталды, жеңімпаз - кемероволық тастаяқшы
Байрақты бәсекенің ақтық сынында Кемеровоның тастаяқшысы Сергей Тузов Якутск қаласынан келген Александр Чепиковты 7:6 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Бұған дейін 1/16 финалда қарсыласына 3:5 есебімен ұтылған Александр финалда Сергейге қатты қарсылық көрсетті. Ал жартылай финалда С. Тузовқа 2:6 есебімен жеңілген алматылық Алмас Әбсейіт пен дәл осындай есеппен А.Чепиковқа есе жіберген Дондағы Ростовтан келген Владислав Осьминин қола жүлдені өзара бөлісті.
С.Тузов ширек финалда алматылық Әлихан Қаранеевті, 1-8 финалда запарожьелік Артур Пивченко, 1-32 финалда алматылық Эмиль Мударисовты, ал алғашқы іріктеу сынында бішкектік Қанат Сыдықовты жеңген болатын. А.Чепиков болса санкт-петерборлық Михайл Залывскийді, тәшкенттік Зухриддин Хашимовты, ақтөбелік Азат Түменовті, днепропетровскілік Евгений Новосадты қапы қалдырған еді.