Алматыда бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов шеберлік сыныбын өткізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ыбырайымов SK Boxing спорт кешенінде шеберлік сыныбын өткізді. Оған боксқа қызығушылық танытып жүрген бес жастан жоғары балалар, жасөпірімдер және ересектер қатысты.
None
None

Спорт кешеніне келген бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, AIBA вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев пен Ермахан Ыбырайымовты алматылық жастар зор қуанышпен қарсы  алды.

Кейін, боксқа арналған екі залда шеберлік сыныптары басталды. Серік Қонақбаев аспалы тұлыптар ілінген залда балалар мен жасөспірімдерге қалай дұрыс соққы жасау әдістерін үйретсе, Ермахан Ыбырайымов шаршы алаңда боксқа қажетті жаттығуларды, қимыл-қозғалыстарды, соққыларды қалай жасау әдістерін көрсетті. Есімдері әлемге танылған, халқымыздың мақтанышына айналған екі былғары қолғап шебері балалармен бірден тіл табысып, олардың қойған сұрақтарына риза көңілмен жауап беріп жатты. Ал шеберлік сыныбына қатысушылардың барлығы атақты боксшылардың әрбір қимыл-қозғалысын қалт жібермей бақылап, айтқан ақыл-кеңестерін зейін қойып тыңдады және көрген-білгендерін кейін іс жүзінде жүзеге асыруға тырысты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған шеберлік сыныбынан кейін «ҚазАқпарат» тілшісі де Олимпиадалық даярлық орталығының жетекшісіне бірнеше сұрақ қойып үлгерді.

- Ермахан, бүгін тұңғыш рет SK Boxing спорт кешенінде Ашық есік күні аясында бокстан шеберлік сыныбын өткіздіңіз. Балалар мен жасөспірімдердің ынта-ықыласы қалай болды?

- Балалардың ықыласы өте зор болды. Тіпті ата-аналарын ертіп бес жастағы балалар да келіпті. Барлығы зейін қойып тыңдады, менің жасаған қимыл-қозғалыстарымды қалт жібермей, бұлжытпай қайталауға тырысты. Мен балалардың көзінен боксқа деген зор қызығушылықтың бар екендігін көріп риза болдым. Сондықтан, бұл Ашық күні шарасына қатысқаныма қуаныштымын. Егер де  осы балалардың ішінен болашақта ел намысын қорғайтын мықты спортшылар және одан қала берді саламатты өмір салтын ұстанатын білімді, патриот азаматтар шығып жатса арманымның орындалғаны. Өйткені, біздің басты мақсатымыз - бірінші кезекте жастарға ұлттық, отансүйгіштік рухта дұрыс тәрбие беру, содан кейін спортқа баулу.

- Ермахан, Алматыда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған ХХ халықаралық турнир өтіп жатыр. Отандық боксшылардың аяқ алысы қалай?

- Аяқ алысы жақсы. Бұл өте маңызды турнир. Өйткені, бұл бокстан Қазақстан құрама командасы үшін Рио Олимпиадасы алдындағы соңғы жарыс. Сондықтан, мұнда Жәнібек Әлімханұлы, Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов секілді боксшыларымыз өнер көрсетіп жатыр. Осы турнирден кейін, былғары қолғап шеберлеріміз арнайы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп болған соң,  тамыз айында Рио Олимпиадасына аттанады.

- Ермахан, Лондон Олимпиадасынан кейін, бокстан ұлттық команданың құрамы қаншалықты өзгерді?

- Қазір, бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасының құрамы 60 пайызға жаңарды деп ойлаймын. Мысалы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қазір әкімшілік қызметте жүр. Алайда, сол Олимпиадаға қатысқан Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов секілді тәжірибелі боксшыларымыз команда құрамында қалды. Олардың қатарына Жәнібек Әлімханұлы, Абылайхан Жүсіпов секілді жастарымыз келіп қосылды. Енді, Рио Олимпиадасында команда капитаны, 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Данияр Елеусінов алтын алады деген сенімдеміз. Қазір, жігіттерге барынша көмектесіп жатқан жайымыз бар. Кейде, артық кетіп қалмайық деп те қорқамыз. Егер, менің болжамым бойынша Рио Олимпиадасында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль алып жатсақ, нұр үстіне нұр деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет.

Айта кетелік, SK Boxing спорт кешенінде бокстан басқа, заманауи билер, дұрыс тамақтану бойынша да шеберлік сыныптары және қызықты байқаулар ұйымдастырылды.

Ал, SK Boxing спорт кешені атақты боксшы Серік Қонақбаевтың есімімен тікелей байланысты. Мұнда Серік Керімбекұлы басқа да атақты боксшылармен бірге тұрақты түрде шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады.

Соңғы жаңалықтар