Алматыда дінаралық татулық туралы дөңгелек үстел жиыны болады

Оны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырып отыр. Бұл шара дәстүрлі дін және жауапкершілік туралы пікір алмасу мақсатында өткізілмек.
«Тәуелсіздіктің жиырма жылында қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырды. Өзін-өзі тану, өзінің ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Ең бастысы, біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың және әртүрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді», - дейді оқу орнының Ақпарат және баспа орталығының қызметкері Әлия Асмағұлова. Оның айтуынша, алқалы жиынға қалалық Дін істері департаментінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және Ішкі саясат басқармасының жетекші мамандары мен университеттің оқытушы-ғалымдары мен студенттері қатысады.