Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы биыл шығарған кітаптардың тұсауы кесіледі
Бұл шара кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев биылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы жылға арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырады. Оған кітап авторлары мен атажұртқа әр жылдары шетелден көшіп келген бірқатар қазақ ағайындар және өзге де қонақтар қатысады, деп хабарлайды қауымдастықтың баспасөз қызметінен.
2015 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы оқырмандарға негізінен шетелдегі қазақ диаспорасының тарихын, өмірін, қоғамдық және этникалық жай-күйін, тарихи Отанмен байланысын көрсетуге арналған шығармаларды ұсынуға күш салды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген 4 кітаптың екеуі осы аталмыш тақырыпқа арналды. Барлығы 134 ұлт пен ұлыс өмір сүретін Ресейдің Саратов облысында өзінің адам саны, әлеуметтік орны жөнінен орыстардан кейінгі екінші орындағы этникалық топ болып саналатын қазақ диаспорасы туралы кең тынысты, көлемді еңбек жарық көрді. Геннадий Ташпековтың «Казахи Саратовской области: история и современность» атты кітабы осы кезге дейін зерттелмеген тың тақырыпты қозғауымен құнды. Еділ өзені бойындағы Саратов облысы қазақтарының тарихы мен тұрмысы бұрын қазақ баспасөзінде сөз болмай келген тақырып саналады. Ресейлік ғалым, тарих ғылымының кандидаты, доцент Г.Ташпековтың орыс тіліндегі бұл еңбегі аталған тақырыпты сан алуан қырынан сөз етіп, оқырмандарға, диаспоратанушылар мен тарихшыларға, этнографтарға жан-жақты, мол мағлұматтар ұсынады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ресей қазақтары туралы зерттеу еңбектерді алдағы кезде де жариялап тұруды жоспарлап отыр. Осыған дейін Ресейдің Элиста, Түмен және Қорған қалаларында орыс тілінде басылып шыққан «Астрахан қазақтары: ғасырлар тоғысында», «Тюмень жеріндегі қазақтар», «Қорған қазақтары» тәрізді еңбектерді негізге ала отырып, «Ресей қазақтары» атты көлемді монографиялық еңбек жариялау жоспарлануда. «Атажұрт» баспа орталығы бұдан бұрынғы жылдары тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» кітабының 2 томын, жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», жазушы Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар», филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің «Ирандағы қазақтар» атты кітаптарын жариялап, диаспорология тақырыбының жандануына ізгі жол ашқан еді. Үстіміздегі жылы жарық көрген PhD докторы, журналист Досан Баймолданың «Еуропадағы қазақтар» атты кітабы «Шетелдегі қазақтар» сериясымен жарияланған сол кітаптардың заңды жалғасы болды.
Қайрат Құлмұхаммедтің «Олжа», Мақсат Әлсейітовтің «Жетімсайдың бойында жетім ауыл» атты жыр кітаптарын жарыққа шығару арқылы «Атажұрт» баспа орталығы өлеңсүйер қауымның сұранысын біршама өтегендей сезіледі. Өзбекстанда посткеңестік кезеңдерде қазақ мектептерінің азая бастауына байланысты қазақ тілінде жазатын авторлар саны да айтарлықтай азайған Қарақалпақстаннан өлең кітабын жолдаған М. Әлсейітовтің шығармашылығы назар аударарлықтай. Қытай елінде туып өсіп, кейіннен атамекенге көшіп келген Қ. Құлмұхаммедтің «Олжа» кітабы қалыптасқан ақындық стильді байқатады. Жастау кезінде Қытай мен Қазақстанда айтыс ақыны ретінде танылған Қ.Құлмұхаммедтің жырлары төкпе сарынымен өз оқырмандарын баурайды.
Қауымдастық мемлекеттік тапсырыстан тыс басқа да баспа өнімдерін жариялап отырады. Солардың бірі әрі бірегейі «Қазақ диаспорасы және репатриация. 1991-2012» атты орыс тіліндегі ұжымдық монографиялық еңбек болды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Талдау орталығының директоры, тарих ғылымының кандидаты Гүлзағира Балтабаеваның белсене атсалысуымен жарық көрген осынау құнды ғылыми кітап алдағы кезде қазақ тілінде жарық көрмек.
Бұрын жылына 2 рет қана шығып келген «Туған тіл» алманахы үстіміздегі жылы 4 рет өз оқырмандарымен жүздесті. Қауымдастық жанындағы «Алтын бесік» журналының да баспалық көлемі өсті. Шетел қазақтарының шығармашылығын насихаттайтын, диаспора мәселелерін түбегейлі зерттейтін әдебиеттерді жарыққа шығару, шетел қазақтарының көрнекті өкілі Халифа Алтайдың, Зуқа батырдың мерейтойларына байланысты еңбектерді жариялау, «Туған тіл» альманахы мен «Алтын бесік» журналдарының мазмұнын тереңдету бағытындағы істер алдағы жылда да жалғасын таба бермек.