Алматыда Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізудің алдын ала мерзімі - 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны
Бұл туралы www.primeminister.kz сайтында хабарланды.
Баяндама жасаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізудің шеберлік-жоспары мен тұжырымдамасының соңғы нұсқасын таныстырды.
А.Есімовтің айтуынша, іс-шаралар тұжырымдамасында «28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың миссиясы, ойындарды ұйымдастыру жүйесі, әртүрлі органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының үйлесуі, жобалар мен тәуекелдерді басқару тұстары көрініс табады».
Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік қысқы универсиаданың негізгі мақсаты - жастарды барынша спортпен айналысуға тарту, халықаралық ірі спорт жарыстарын өткізу тәжірибесін жинақтау және Алматының, тұтастай Қазақстанның әлеуетін көрсету болып табылады.
Сондай-ақ, Тұжырымдамаға сәйкес, іс-шараны өткізудің алдын ала мерзімі анықталып, оны 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өткізу туралы FISU атқару комитетімен келісілетін болады.
Сайыстар бағдарламасына 8 міндетті және 5 қосымша спорт түрлері енгізіліп отыр. Оның міндетті бөлігін тау шаңғысы, шаңғымен сырғанау, биатлон, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шорт трек, шайбалы хоккей және керлинг құраса, қосымша бөлігіне шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, бенди, конкимен жүгіру, фристайл сияқты қысқы спорт түрлері кіреді. Универсиаданы өткізуге арналған жұмыс істеп тұрған - 6 және 4 жаңа спорттық нысан белгіленеді.
Универсиадаға дайындық пен оны өткізудің келесі қадамы тұжырымдама мен шеберлік-жоспарының функционалдық барлық нақты ақпараттарын құрамына енгізген Стратегиялық жоспарды жасау болмақ.
Сондай-ақ, бұл мәселелер бойынша ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Е.Қожағапанов пен ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов баяндады.
Ұйымдастыру комитеті отырысының қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тиісті тапсырмалар берді.