Алматыда энергетиктердің «Power Kazakhstan 2009» халықаралық көрме-форумы ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл дәстүрлі көрме-форум энергетика индустриясының жетістіктерін көрсету, өнеркәсіпшілер мен энергетиктердің іскерлік кездесулерін өткізу, өзара байланыстарын жандандыру мақсатында соңғы 8 жылдан бері өткізіліп келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы көрме жұмысына Үндістан, Иран, Германия, Ресей, Өзбекстан, Украина мен Оңтүстік Кореяның 70-тен астам компаниясы қатысады. Алғаш рет Қытай Халық Республикасы 13 компаниясының өнімі көрсетілген ұлттық стендін ұсынады. Көрменің 40 пайызын қазақстандық компаниялардың өнімдері құрайды. Көрмеде энергетикалық жабдықтардың жаңа түрлері, инновациялық жобалар, электр үнемдеуші технологиялар ұсынылған.
Көрмемен қатар ашылған форум жұмысына Үндістан, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Украинадан 100-ден астам маман қатысуда. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, «KEGOK» компаниясының президенті Қанат Бозымбаев қатысып, баяндама жасайды. Бұнымен қатар ҚР табиғи монополиялар агенттігінің, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық инженерлік академиясының, Энергетикалық қадағалау жөніндегі комитетінің өкілдері энергетика мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салады. Сондай-ақ тәжікстандық «Барки Точик»ұлттық компаниясының өкілі аймақтық ынтымақтастық мәселесі бойынша арнайы баяндама жасайды. Көрме-конференция қарашаның 5-іне дейін жалғасады.