14:38, 11 Қаңтар 2012 | GMT +5
Алматыда есірткі және психотроптық заттарды ережеге сай сақтамаған карантиндік жұқпалы аурулар ғылыми орталығына қатысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Есірткі құралдарын және психотроптық, улы заттарды сақтау ережесін бұзған Алматы қаласындағы карантиндік жұқпалы аурулар ғылыми орталығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы бүгін елордада ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Н. Ораздың атап өтуінше, Алматы қаласындағы карантиндік жұқпалы аурулар ғылыми орталығының бірінде жоспарлы тексеру өткізу кезінде сақтау және есепке алу ережесіне сәйкес сақталмаған «метанол», «фенол», улы, химиялық заттар анықталды.
«Тексеру іс-шаралары кезінде кәсіпорынның улы заттар мен прекусорлар айналымына қатысты мемлекеттік лицензиясының жоқ екені анықталды. Есірткі құралдарды, психотроптық, улы заттарды сақтау ережесін бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғалды», - деді ресми өкіл.