Алматыда "Еуропада білім ал" атты ІІ-ші Халықаралық білім көрме өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақтың өкілдері мен "Орталық Азиядағы - білім" білім беру орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан көрмеге ЖОО оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, студенттер мен мектеп оқушылары, білім саласы қызметкерлері, жергілікті басқарушы органдардың өкілдері қатысуда.
Көрмеде Еуропалық Одаққа мүше - Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Нидерланды, Финляндия, Чехия және тағы да басқа елдер Қазақстан азаматтары үшін еуропалық университеттерде білім алу жөніндегі стипендиялық және алмасу бағдарламалары туралы өз ақпараттарын ұсынуда.
Қазақстан Республикасындағы Еуропалық комиссия делегациясының басшысы Ноберт Жустен мырза: "Білім саласындағы ынтымақтастық Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы жаңа стратегияның басты басымдықтарының бірі және байланыстарды одан әрі дамытудың маңызды кезеңі болып табылады", деп атап өтті. Оның айтуынша, білім көрмелері қазақстандық студенттер мен оқытушылар үшін нақты ақпараттар алуға мүмкіндік береді.
Көрме аясында Еуропадағы білім бағдарламалары жөнінде лекциялар оқылады, сондай-ақ, «Tempus» және «Erasmus Mundus» бағдарламаларының тұсаукесері өткізіледі. Сонымен қатар, Еуропалық университеттердің түлектері өздерінің Еуропалық Одақ елдеріндегі оқу тәжірибелерімен бөліседі.
Осы сынды көрмелер еліміздің басқа қалаларында өтеді - қазан айының 9-да Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, 15 қазан күні Қарағандыда Бөкетов атындағы Мемлекеттік университеттің ғимаратында өткізілмек.