Алматыда халықаралық сауда рәсімдерін жеңілдетуге арналған конференция өтті

АЛМАТЫ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда "Қазақстандағы халықаралық сауда рәсімдерін жеңiлдету жөнінде өткiзiлген реформалар мен 2012 жылға дейінгі жобалар" атты конференция өтті.
None
None

Аталған шараны ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі мен USAID Сауданы ырықтандыру және кеден саласын реформалау жөніндегі өңірлік жобасы ұйымдастыруда.

Алқалы жиын барысында Бүкiләлемдiк банктiң рейтингiндегi халықаралық сауда индикаторы бойынша Қазақстанның кәсiпкерлiктi жүргiзу позициясын жақсарту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар халықаралық сауданы бақылауға қатысты соңғы енгізілген заңнама мен үкіметтің 2012 жылға дейінгі жоспары да қаралды.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің вице-министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Бүкiләлемдiк банктiң есебіне сәйкес Қазақстан 2008 жылдан бері өз ұстанымын жақсарта түскен. «Біздің ел 183 зерттелген елдің ішінде әзірге 181-ші орынды иеленуде. Келешекте жасалатын реформалар Қазақстанның рейтингін жоғарылатып, шетелдік капитал салушылар ауқымының кеңеюіне әкеледі», -дейді ол.

Қазіргі уақытта Қазақстанда электронды декларация жасаудың «біріккен терезесін» жасау мен барлық жүйені автоматтандыруда белсенді түрде жұмыстар атқарылуда.

ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сержан Дүйсебаевтың ойынша, мемлекеттік органдар жұмысында «экспорт-импорт операциясы бойынша біріккен терезені» іске қосу Қазақстандағы бизнес ортаны жақсартуға мүмкіндік беріп, әкімшілік тосқауылдарды азайтады. «Ең бастысы, біз адам санын азайтып, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуі мен мемлекеттік органдардағы жұмыстардың айқындалуын қамтамасыз етеміз», -дейді С.Дүйсебаев.

Соңғы жаңалықтар