17:46, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Алматыда Қазақстан-Беларус кәсіпкерлерінің форумы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда Қазақстан-Беларус кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Екі елдің сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған форумға 40-тан астам компанияның өкілдері қатысуда. Оның 22-і беларустық кәсіпорындардың өкілдері. «Бизнес форум екі елдің кәсіпкерлері арасында байланысты жандандыру, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында өткізіліп отыр», дейді Қазақстанның Сауда-өндірістік палатасының вице-президенті Татьяна Жданова.
Беларустың Сауда-өндірістік палатасы төрағасының орынбасары Николай Сахардың айтуынша, Қазақстан мен Беларус арасында бірлесе жүзеге асыратын жобалар жеткілікті. «Бүгінгі форумға екі елдің кәсіпкерлерінің әріптестігін дамыту, байланыс орнату, бірлескен кәсіпорындар ашу, екі ел нарығында өнім алмасу мақсатында келіп отырмыз.Беларус делегациясы құрамында ауылшаруашылығы, түрлі техника шығару, медицина өнімдері, тағам өндірісі салаларының өкілдері бар», дейді Н.Сахар. Ол шара барысында келесі бизнес форумды Беларуста өткізуді ұсынды.
Шара аясында екі елдің кәсіпкерлері өзара пікір алмасып, бірқатар жобаларды талқылады.Бүгінгі отырыс барысында екі ел кәсіпкерлері арасында бірқатар келісімшарттарға қол қойылмақ.